Астанада «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі салтанатты түрде ашылды
Қазақстанда алғаш рет өтіп жатқан жарысқа 800-ден астам спортшы қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінің ресми ашылу салтанаты өтті. Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған дода классикалық спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін фиджитал форматында өтеді.
Биылғы ойындарға әлемнің 34 елінен 800-ден астам спортшы қатысуда. Олар фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, сондай-ақ Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds бойынша бақ сынайды.


Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жарыстың маңызын ерекше атап өтті.
– Ең алдымен, шын жүрегіммен бәріңізге елордамыз – Астанаға қош келдіңіздер деймін! Бүгін біз «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын мағынасы айрықша тарихи іс-шара. Дүбірлі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл – зор мәртебе, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жарысқа шетелдік жоғары мәртебелі қонақтардың қатысып отырғанын атап өтіп, Ресей Президенті Владимир Путиннің құттықтауын жеткізгені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ салтанатты рәсімге Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қатысып отырғанын айтты.

Президент өз сөзінде «Болашақ ойындарының» халықаралық деңгейдегі беделіне тоқталды.
– Баршаңызға мәлім, «Болашақ ойындары» – Ресейдің бастамасымен жүзеге асқан жоба. Бұл жобаның сәтті іске асуы Президент Владимир Путиннің арқасы деуге толық негіз бар. Аз уақыт ішінде бұл жарыс жаһандық деңгейдегі сайысқа айналды. Бірінші дода Қазан қаласында өтіп, содан кейін Абу-Дабиде жалғасын тапты, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Астанадағы турнир фиджитал қозғалысының дамуына тың серпін береді.
– Ал бүгін бәріміз Ұлы дала төсінде бас қосып отырмыз. Елордамызға 30-дан астам мемлекеттен 800-ге жуық спортшы келді. Астанадағы «Болашақ ойындары» классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал-қозғалысқа тың серпін береді деп сенемін, – деді ол.
Президент қазіргі әлемде цифрлық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқанын айтып, Қазақстанның осы бағыттағы бастамаларына тоқталды. Оның айтуынша, елде Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заң қабылданып, 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Бас құжатта жасанды интеллектіні дамыту мен азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауға кепілдіктер бекітілген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы биылғы жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын еске салды.
– Қазақстанда AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазірдің өзінде жүздеген мың азамат тиісті құзыреттер мен дағдыларды меңгерді. Биыл күзде Астанада Жасанды интеллект университеті ашылады. Елімізде нейрожелінің көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтеді. Сондай-ақ келесі жылы елордамызда Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлемдік дода ұйымдастырылады, – деді Президент.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындарының» басты миссиясы адамдарды жаңа жетістіктерге жігерлендіріп, мемлекеттер арасындағы достықты нығайту екенін атап өтті.
– «Болашақ ойындары» елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің «алтын көпіріне» айналады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Турнир аясында сондай-ақ Phygital Sports Summit Astana 2026 дүниежүзілік фиджитал саммиті басталды. Форумға Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь және Қазақстанның спорт министрлері, халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері, технологиялық компаниялар мен сарапшылар қатысуда.


Саммит барысында фиджитал спортты дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, цифрлық технологияларды енгізу және спорт индустриясының болашағына арналған панельдік пікірталастар өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум тәжірибе алмасуға және фиджитал қозғалысын дамытуға бағытталған жаңа халықаралық бастамаларды қалыптастыратын маңызды алаңға айналмақ.


Ашылу салтанаты театрландырылған шоу және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен аяқталды.