Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы басталды
Комиссияға Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Комиссия төрағасының орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева болса, ал комиссия құрамына Парламент депутаттары, мәслихаттар төрағалары, БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, өңірлердегі қоғамдық кеңестер мен ғылыми қоғамдастық өкілдері, сарапшылар кірді.
Эльвира Азимова Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұрғанын атап өтті.
- Мемлекет басшысы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде елімізде бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді. Өздеріңізге белгілі, парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы қазан айынан бастап белсенді жұмыс атқарды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен сарапшылар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осы уақыт аралығында жұмыс тобы барлық ұсынымдарды мұқият зерделеп, жүйеледі, сондай-ақ азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты талдады, - деді төраға.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Жұмыс тобының мүшелерінен бөлек, азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін ерекше атап өткен жөн. Кеңейтілген құрамдағы Конституциялық комиссияның құрылуы осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстың қисынды жалғасы, сондай-ақ бірнеше айға ұласқан пікірталастар барысында қалыптасқан ауқымды қоғамдық сұранысқа берілген жауап болды.
- Президент ұсынған мемлекеттік билікті бір палаталы Парламентке – Құрылтайға өткізу, Халық кеңесін құру, Вице-Президент лауазымын енгізу және басқа да мәселелер жан-жақты әрі кешенді түрде зерделеп, пысықтауды қажет етеді. Қазақстан Республикасы саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Мемлекет басшысы әрі қарайғы дамудың институционалдық тепе-теңдікті нығайту, заң шығарушы биліктің тиімділігін арттыру, тежемелік тепе-теңдік жүйесін күшейту, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін конституциялық механизмдерді жаңарту арқылы ғана мүмкін екенін айқын атап көрсетті, - деді өз сөзінде.
Ал Мемлекеттік кеңесші — Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық реформа жөніндегі Конституциялық комиссияның құрылуын тарихи оқиға деп бағалады.
- Конституциялық комиссияның құрылуын тарихи оқиға деуге болады. Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұр. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басқалы отыр. Міне, осындай шешуші сәтте бізге аса маңызды миссия жүктелді, — деді ол.
Ерлан Қариннің пайымдауынша, бұл миссияны алып жүру – үлкен жауапкершілік.
- Бүгін осы залға түрлі саланың кәсіби мамандары, тәжірибесі мол, елге белгілі азаматтар жиналған. Бәріміздің мақсат-міндетіміз — ортақ. Сондықтан, осы айрықша міндетті абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін, — деді Мемлекеттік кеңесші.
Айта кетейік, Jibek Joly арнасы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысын тікелей эфирде көрсетіп жатыр.