Ауа райы жылынады: Ертіс орманы резерватында мысық торғай көзге түсті
Кәдімгі мысық торғай – жыл құсы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Мысық торғай – орманның ең керемет әншісі және пайдалы құстардың бірі. Өте сирек кездеседі. Ғылыми классификация бойынша мысық торғай құстар класына, торғай тәріздес отрядына, мысық торғай тұқымдасына жатады. Кішкентай қарапайым мысық торғай басқа құстардан жарқын түсімен және әдемілігімен ерекшеленеді, – дейді «Ертіс орманы» резерваты Бесқарағай филиалының аңшылықтанушысы Ералы Исатаев.
Маманның айтуынша, аталық пен аналығын түсі бойынша ажыратуға болады. Аталығы алтын сары, қанаттары мен құйрығы қара түсті болады. Аналығының үстіңгі жағы жасыл-сары, ал төменгі жағы ақшыл, қара бойлық жолақтары бар.
– Аталығы – ауа райының жылынуының алғашқы хабаршысы. Құстар ерекше дауысқа ие. Егер құс жақсы көңіл күйде болса, дыбысы флейтаға ұқсайды. Ең қызығы – құс қорқатын кезде мысықтың мияулауына ұқсас дыбыс шығарады. Ал егер қарсыластар ұяға шабуыл жасаса, қатты шырылдаған дыбыстар шығарады, – дейді Ералы Исатаев.
Мысық торғайлардың сүйікті азығы – жәндіктер жоғалып кеткенде қыстауға жылы жаққа ұшып кетеді.