«Ауыл Аманаты»: Ақсуда кәсіпкерлер көбеюде
Жалпы сомасы 112,1 миллион теңгеге 18 жоба қолдау тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласына барған жұмыс сапары кезінде «Ауыл Аманаты», «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингіне және тағы басқа жобаларға қатысқан бірнеше ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесті.
– Ақсудың ауылдық аймағында ауыл шаруашылығы белсенді дамып келеді. Осы саладағы жаңа компаниялардың бірі - «АгроЛогистик» ЖШС. Суармалы жерлерде картоп, сәбіз өсіретін жас шаруашылық 20-дан астам жұмыс орнын ашты. Биыл лизингке екі агротехника мен алты жабдық сатып алды. Алдағы уақытта одан әрі дамытуды және кеңейтуді көздеп отыр. ЖШС жұмысы агробағдарламаларды пайдаланудың жарқын мысалы,– деп жазды аймақ басшысы өзінің инстаграм парақшасында.
Оның сөзінше, «Ауыл Аманаты» жобасына қатысуға Ақсу ауылдық аймағының жиырмадан астам тұрғын өтінім берді. Нәтижесінде жалпы сомасы 112,1 миллион теңгеге 18 жоба қолдау тапты.
– Бұл қаражатқа ауылдық округтердің тұрғындары жем-шөп дайындау үшін техника сатып алып, мал басын көбейтті. Өз ісін жаңадан бастаған Еңбек және М.Омаров ауылдарының тұрғындарымен кездескеніме қуаныштымын,– деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі Ақсу қаласының әкімдігіне ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға бағытталған ұлттық жобаларға тұрғындардың одан әрі де қатысу мәселесін пысықтауды және тұрғындар арасында кеңінен насихаттауды тапсырды.