Павлодар азаматы масаң күйде адам өлтіргені үшін сотталды
Ол шөлмектесінің кеудесіне пышақ сұққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 маусым күні сот залында адам өлтіру фактісі бойынша У.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
– 2024 жылдың 2 наурызында кешкі уақытта пәтерде У. мен Ш. арасында өзара жанжал туындады. Осыған байланысты У. масаң күйде болып Ш.-ны өлтіруге шешім қабылдады. Осы мақсатта У. үйдің баспалдақ алаңына Ш.-мен сөйлесуге шығып, өзімен бірге асхана пышағын алған. Баспалдақ алаңында болған кезде У. қарама-қарсы тұрған Ш.-ның кеудесінің сол жақ тұсынан пышақпен бір соққы берді. Ш.пышақ жарақатынан сол жерде қайтыс болды, – дейді баспасөз орталығында.
У.-дің кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдермен дәлелденді.
– Кінәні мойындауды ескере отырып, сот У.-ға қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ, У.-ға психоактивті заттарға тәуелділікті мәжбүрлеп емдеу тағайындалды, – делінген хабарламада.
Жәбірленушілердің пайдасына, яғни жәбірленушінің жұбайы мен қызына 5 миллион теңгеден моральдық залал өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.