«Ауыл құтқарушылары»: 226-шы ерікті өртке қарсы бекеті Павлодарда ашылды
Жаңа өрт сөндіру бекеті мыңға жуық тұрғыны бар бес елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ерікті өрт сөндіру бекеті жаңғыртудан кейін Бесқауға ауылында ашылды. Жаңғырту жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүргізілді. ТЖМ бекетті өрт сөндіру автокөлігімен, өрт-техникалық жабдықтармен, байланыс құралдарымен және қажетті арнайы киіммен қамтамасыз етті. Еріктілердің тәулік бойы қызмет атқаруына барлық жағдай жасалған.
Бекет Бесқауға, Қоянды, Құрылысшы, Теміртас және Айтен атты бес елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған елді мекендерде шамамен мың адам тұрады.

Жаңа бекеттің ашылуы өрт пен төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, төрт ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды.
Алдағы уақытта төтенше жағдайлар департаментінің мамандары еріктілерді тұрақты түрде оқытып, даярлықтан өткізеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде №22 жаңа өрт сөндіру бекеті, Қарасор ауылында «Ауыл құтқарушылары» бекеті, сондай-ақ Павлодар қаласына қарасты Атамекен кентіндегі №5 өрт сөндіру бөлімі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды.