Ақылы сыйлық: павлодарлықтар байланыс операторларына шағымданды

Ақылы сыйлық: павлодарлықтар байланыс операторларына шағымданды
Фото: Константин Шелков

Тұтынушыларға кеңесшілердің ауызша уәделеріне сене бермей, келісімшарт талаптарын мұқият оқып шығуға кеңес берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желілерде байланыс қызметтеріне қосылғаны үшін смартфон сыйға берілетіні туралы жарнамалық акциялар кеңінен таралуда. Бір қарағанда, мұндай ұсыныс тиімді көрінеді: тұтынушы белгілі бір тарифке немесе қызметтер пакетіне қосылып, қосымша ақы төлемей ұялы телефон алады. Алайда облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне осындай жарнамаларға қатысты өңір тұрғындарынан түсетін шағымдар көбейген.

– Іс жүзінде мұндай акциялардың талаптарында белгілі бір мерзім ішінде ай сайын міндетті төлем жасау көзделуі мүмкін. Яғни сыйға берілген телефонның құны төлемдердің жалпы сомасына енгізілуі ықтимал, – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Департамент мамандары осындай жағдайлардың бірін мысалға келтірді. Отбасылық тарифті ауыстырған тұрғынға қызмет көрсету орталығының қызметкері ұялы телефонды сыйлық ретінде ұсынған. Ол телефон үшін қосымша ақы төлеудің қажеті жоқ екенін, барлық шығын абоненттік төлемге енгізілгенін түсіндірген. Алайда біраз уақыт өткен соң ер адамның үйіндегі интернет өшірілген. Байланыс орталығына хабарласқан кезде оған смартфон үшін бөлек ақы төлеу қажеттігі айтылған. Бұл телефонның тегін сыйлық екені туралы бастапқы уәдеге қайшы келген.

Байланыс операторының әрекетіне тағы бір павлодарлық шағымданған. Ипотекалық несие рәсімдеу барысында ол ұялы телефон үшін төленбеген бөліп төлеу қарызы бар екенін тосыннан білген. Анықталғандай, акция аясындағы тарифтік жоспарға қосылған кезде смартфонға 12 айға бөліп төлеу рәсімделген. Абоненттің айтуынша, ол мұндай міндеттеменің бар екенін мүлде білмеген.

Қолданыстағы берешек ипотеканың мақұлдануына кедергі келтірмеуі үшін ер адам бөліп төлеу қарызын мерзімінен бұрын жауып, смартфонның толық құнын өтеген. Алайда осыдан кейін байланыс операторы келісімшартты біржақты тәртіппен бұзып, абоненттің ұялы байланысы мен интернетін ажыратқан. Клиенттің айтуынша, оның компания алдында ешқандай қарызы болмаған. Соған қарамастан, оператор қызмет көрсетуді қайта қосу туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.

Мемлекеттік органға байланыс операторларының тарифтік жоспарлар талаптарын толық түсіндірмейтіні жөнінде де шағымдар түсуде. Мәселен, өңір тұрғындарының біріне акция аясындағы тарифке қосылған кезде шектеусіз интернет уәде етілген. Алайда бір аптадан кейін интернет жылдамдығы күрт төмендеген. Қолдау қызметіне хабарласқан абонентке тарифте 240 ГБ көлемінде шектеу бар екені, осы мөлшерден асқан жағдайда интернет жылдамдығы төмендейтіні түсіндірілген. Белгілі болғандай, келісімшарт рәсімделген кезде тұтынушыға бұл шектеу туралы ескертілмеген.

Департамент мамандары тұтынушыларға тек жарнамалық ақпаратқа немесе кеңесшілердің ауызша уәделеріне сүйеніп шешім қабылдамауға кеңес берді.

– Келісімшартқа қол қоймас бұрын оның барлық талаптарымен мұқият танысып, ұсыныстың толық құнын есептеп беруді сұрау, сондай-ақ барлық төлемдер мен міндеттемелерді нақтылау қажет. «Телефон шынымен тегін бе?» деген сұрақпен ғана шектелмеу керек. Оның орнына «Келісімшарттың бүкіл қолданылу мерзімі ішінде жалпы қанша ақша төлеймін және нақты не үшін төлеймін?» деп сұраған дұрыс, – деді ведомство өкілдері.

Даулы жағдай туындаған кезде алдымен байланыс операторына жазбаша шағым жолдау қажет. Егер компания 10 күнтізбелік күн ішінде жауап бермесе немесе тұтынушының заңды талаптарын орындаудан бас тартса, абонент сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымдануға құқылы. Белгіленген мерзімде өтінішті қараусыз қалдырған байланыс операторына әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.

Қосымша сұрақтар бойынша Павлодар қаласындағы Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайында орналасқан департаментке жүгінуге болады. Сондай-ақ өтінішті e-Otinish.gov.kz бірыңғай өтініштерді қабылдау платформасы арқылы жолдауға немесе 8 (7182) 55-10-70 жедел желі нөміріне хабарласуға болады.