Ақсу қаласында әкім ауысты
Аймақ басшысы Асайын Байханов Ақсу активінің отырысында қаланың жаңа әкімін таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл қызметке Болатбек Шәріпов келді.
Жиында аймақ басшысы Нұрлан Дүйсенбиновтің Ақсу қаласының әкімі қызметінен өз еркімен босатылғанын хабарлады. Асайын Байханов оған қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
– Нұрлан Шайхсләмұлы Ақсуды 2022 жылдың наурыз айынан бастап басқарды. Осы уақыт ішінде алты ауылдық округте 524 пәтерлі бес үй салынды, 40-тан астам көше жарықтандырылды, су құбырлары жаңғыртылды. Жағажай аумағы абаттандырылды, Ақсу қалалық ауруханасын ауданаралық орталық ауруханаға айналдыру жұмыстары басталды, «Ақсумолл» сауда орталығы ашылды, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімінің өкімімен, ҚР Президенті Әкімшілігінің және Ақсу қалалық мәслихатының келісімімен Ақсу қаласының әкімі лауазымына Болатбек Шәріпов тағайындалды. Өңір басшысы жаңа әкімді таныстырып, жұмысына табыс тіледі.
Болатбек Шәріпов 1973 жылы Ертіс ауданының Заречное ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Еңбек жолын 1992 жылы бастаған. Мемлекеттік қызметте 2008 жылдан бастап жұмыс істейді. Ертіс ауданында ол басқарма басшысынан аудан әкіміне дейінгі еңбек жолынан өтті. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Асайын Байханов Ақсудың облыс экономикасын дамытуда маңызды мәнге ие екенін атап өтті. Қалаға өңірдің өнеркәсіп көлемінің шамамен 25% тиесілі. Бірінші кезекте барлық инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды, сондай-ақ, түйінді мәселелерді талдауды тапсырды.
– Жақында Ленин көшесіндегі магистральдік жылумен жабдықтау желілерінде ақау орын алды. Жылу мен ыстық сусыз 20-дан астам көпқабатты тұрғын үй және 50 жеке үй қалды. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін алдын ала шаралар қабылдаңыз. Сондай-ақ, жаңа қазандықты іске қосу туралы мәселені соңына дейін аяқтау қажет, – деп тапсырды Асайын Байханов.
Сондай-ақ, Ақсу қаласындағы аяқталмаған құрылыс нысандарын назарда ұстауды жүктеді. Бұл: Алғабас, Жолқұдық, Пограничник, Еңбек ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Ақсу қаласындағы мұз аренасы. Осы мәселелермен айналысып, барлық нысандарды пайдалануға беру керек екенін атап өтті. Бұдан бөлек, қаланың жаңа әкіміне 6-7% тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, Ақсу инвестициялық аймағын, инфрақұрылым мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, тұрғындардың өзекті мәселелеріне уақтылы ден қою тапсырылды.
Фото: Валерий Бугаев