Ақсу өңіріндегі ауылдарда инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр

Ақсу өңіріндегі ауылдарда инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мәселен, Қызылжар ауылдық округіндегі елді мекендерде жолдағы шұңқырлар тегістеліп, су өткізу құбырларын орнату жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ауылдық округ әкімі Дәулет Әбелдиновтің айтуынша, «Nova Prime» мердігерлік ұйымы Қызылжар және Сарышығанақ ауылдарының арасындағы автомобиль жолдарында кездесетін шұңқырларды жөндеу жұмыстарын аяқтады. 

— Сонымен қатар, Қызылжар, Сарышығанақ және Бөріктал ауылдарында су өткізу құбырларын орнату жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар су бұру жүйесінің тиімділігін қамтамасыз етіп, жол жабынының шайылуын болдырмауға және оның пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Сол сияқты «Құрылыс Жеңіс» ЖШС жол белгілерін дайындап, жөндеп, орнатты, – деді ауылдық округ әкімі.

Атап өтерлігі, ауылдық округте жол инфрақұрылымын жақсартуға баса мән беріледі. Мәселен, Жаңа шаруа – Сарышығанақ арасын жалғайтын жолдың 5,5 шақырымына қиыршықтас төселді. Мердігер компания – «TG Impex» ұйымы уақытылы аяқтады. Қызылжар ауылында бейнебақылау камералары орнатылды. Одан бөлек, Қызылжарда су ұңғымасы қазылды. 

Ендігі ретте Бөріктал және Суаткөл ауылдарында балаларға арналған ойын алаңдарын орнату жоспарлануда. Бүгінде «Метсервис-ПВ» компаниясымен осы мақсатта келісімшарт жасалуда. Барлығы сәтті іске асса, тамыз айының соңында ауыл балалары алаңда асыр салып ойнайтын болады.