ЖРВИ көбейді: Павлодарда дәрігерлер күшейтілген режимге көшті
103 қызметі қосымша медициналық бригадаларды желіге шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, жедел респираторлық вирустық инфекциялардың көбеюіне байланысты аймақтық 103 қызметі ең жоғары режимде жұмыс істейді. Соңғы екі тәулікте медицина қызметкерлері екі мыңнан астам шақыруға қызмет көрсетіп, бір мыңға жуық кеңес берді. Бұл ретте 103-ке түскен 682 қоңырау ЖРВИ немесе пневмониямен байланысты болды. 474 жағдайда балаларда ауруға шалдығу жағдайы тіркелді.
– I, II және III санаттағы шұғыл шақырулар бойынша жұмыстың жеделдігін сақтау үшін әр ауысымда желіге қосымша медициналық бригадалар шығарылады, – дейді жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ольга Вербовая. – Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасында емханалардың жұмыс уақытын сағат 20:00-ге дейін ұзартатын тиісті бұйрыққа қол қойылды. Әрбір емханада сүзгі кабинеті жұмыс істейді, онда пациентті қарап, ем тағайындайды.
Айта кету керек, ЖРВИ белгілеріне қатысты қоңыраулар жеделдіктің IV санатына жатады және 60 минут ішінде орындалады, емханалардың медицина қызметкерлері де пысықтайды. Сонымен қатар, 103 қызметкерлері тек алғашқы медициналық көмек көрсетеді және қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызады, бірақ емдеуді тағайындамайды немесе аурухана парақтарын жазбайды. Мұның бәрін пациенттің алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыруға тіркелген жеріндегі учаскелік дәрігерлер жасайды.
Облыстық жедел жәрдем станциясында өңір тұрғындарын ЖРВИ алғашқы белгілері кезінде учаскелік дәрігерге қаралуға шақырады. Сонымен қатар, науқастанған жағдайда инфекцияны одан әрі таратпау үшін үйде болған дұрыс.