Ақсулық жас саятшы отбасылық дәстүрлерді жалғастыруда

Ақсулық жас саятшы отбасылық дәстүрлерді жалғастыруда

Ол тазы, тайған мен салюкиді қалай айыру керектігін айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Ақсулық Шамиль Жексембаев жастайынан саятшылық дәстүрлерін көріп өскен,  әкесі Бекболат Ысқақов – елімізге танымал бүркітші. 

- Мен 11 жасымнан бастап саятшылықпен айналысамын, - дейді 21 жасар Шамиль Жексембаев. – Құс ұстауды әкемнен үйрендім, оны өз кезегінде атам үйреткен. Бұл дәстүр қазақ халқымызда ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Осы күнге дейін әртүрлі құстарды баптап, олардың әрқайсысымен ерекше тәсілмен жұмыс істедім. Аңға шығуымыз қыркүйек айында, ауа райы суи бастағанда басталады. Наурыз айында, ауа жылып кеткенде, аңға шығуды тоқтатып, құстарды баптап, түлекке қоямыз. 

Жас спортшы 2019 жылы Баянауылда өткен облыстық жарыста жеңіске жетсе, 2022 жылы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды. Осы жетістіктердің арқасында ол саятшылықтан спорт шебері атанды.

- Қазіргі уақытта мен Сонар есімді құсты баптаймын. Сонар алты жаста, оны ұзақ уақыттан бері дайындап келемін. Бұрын бірнеше жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелер көрсеткен. Сонар менің қымбатты құсым, және мен оны келесі жылға жақсы дайындықпен жеткізу үшін көп еңбек етемін. Құсымды үнемі күтіп, оның жақсы күйде болуын қадағалаймын, біздің ұлттық дәстүрлерімізді әрі қарай жалғастыру мен үшін үлкен мәртебе, - дейді ақсулық жігіт.

Шамиль Жексембаев биыл Астанада дүркіреп өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының елшісі атанды. «Бірлік керуеніне» қатысқан ол Павлодар облысынан барған делегация атынан аталмыш халықаралық дода туралы ойларымен бөлісті.

- Бұл мен үшін ерекше тәжірибе болды. Ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Онда көп адамдар, волонтерлер, актерлер және әншілер қатысты, бұл атмосфераны ерекше етіп жасады. Фестивальде саятшылық жарыстары да жоғары деңгейде өтті. Бұл менің негізгі спорт түрім болғандықтан, мен бұл жарысқа ерекше назар аудардым. Жарысқа Түркия, Мажарстан, Ресей, Канада сияқты көптеген елдердің спортшылары қатысты. Жалпы көшпенділер ойындары тек спорт емес, сонымен қатар еліміздің мәдениеті мен дәстүрлерін әлемге паш етудің тамаша мүмкіндігі болды, - дейді ол.

Шамиль Жексембаев бұл ойындардың еліміздегі ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырып, қолдауды күшейтетініне сенімді. Оның айтуынша, бұл салада олқы тұстар баршылық. 

- Мысалы, жеті қазынаның бірі – тазы итін алайықшы. Көптеген жарыстар мен көрмелерде болдым, кейбір алаяқ саятшылар мен бизнесмендер қырғыздың тайған немесе арабтың салюки итін ертіп алып келіп, балаларға тазы деп көрсетеді. Тайған тазыға ұқсағанымен, тұрқы ірілеу, ал салюки болса – жүні ұзын. Бірақ, аңшылық, саятшылықта тазыдан артық ит жоқ, - деді Шамиль Жексембаев.

Айта кетейік, тазы тазылар – Азия халықтарының көшпелі өмір салтына барынша бейімделген ежелгі ит тұқымдарының бірі. Олардың Оңтүстік Қазақстанның петроглифтеріндегі көптеген бейнелері біздің дәуірімізге дейінгі X—XII мыңжылдыққа дейінгі әртүрлі тарихи дәуірлерге жатады.

Фото: автор және Шамиль Жексембаевтің жеке қорынан