Жамбы атудан үздік спортшылар көшпенділер ойындарына дайындалуда
Аталмыш ойындарда екі құрам өнер көрсететін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының мәліметінше, Алматы облысында қыркүйекте Астанада өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жарыстарына қатысатын жамбы атудан ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр.
– Біз жыл басынан бері бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатырмыз. Бұл біз өткізетін оқу-жаттығу жиындарының үшінші кезеңі, алда-тағы бір кезең бар. Жаттығу жиынына біздің ең мықты спортшыларымыздың екі құрамы қатысады. Қазір біз 70-80% дайынбыз, әлі де жұмыс істеу керек, – деді жамбы атудан ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Бадашев.
Бас бапкер бүгінгі таңда жылқыларды спорттық дайындаумен айналысып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол Моңғолия, Араб елдері, Индонезия, Малайзия, Венгрия өкілдерін мықты қарсылас екендігін атап өтті.
– Біз күн сайын дайындаламыз, дайындық жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында лайықты өнер көрсетіп, еліміздің намысын қорғаймыз деп сенемін, – деді жамбы атудан ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі Ералхан Айкөз.
Еске сала кетейік, Жамбы ату республикалық федерациясы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар, қауымдастық құрамына бәйге, көкпар, аударыспақ, садақ ату, құсбегілік, асық ату, теңге ілу, «JORYQ» және тағыда басқа федерациялар енгізілген. Қауымдастықты белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.