Ақтоғай ауданында көлікті масаң күйде басқарған азамат сотталды
Одан бөлек құқық бұзушының көлік құралын жүргізуге құқығы болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға ағымдағы жылдың қыркүйек айында орын алды.
– Сот отырысында азамат құқық бұзушылықты жасаудағы кінәсін толық мойындап, рөлге отырар алдында бір бөтелке сыра ішкенін, содан кейін оны полиция қызметкерлері тоқтатқанын растады. Құқық бұзушының кінәсі өзінің мойындауымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, медициналық сараптаманың қорытындысымен, әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жердегі бейнежазбамен дәлелденді, – делінген хабарламада.
ҚР Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларына сәйкес жүргізушіге масаң күйде, есірткі немесе уытқұмарлық заттардың әсерінен көлік басқаруға қатаң тыйым салынған. Бұл ереже қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Азамат Ж. аудандық соттың қаулысымен ӘҚБтК 608-бабының 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енді.