Бала қауіпсіздігі: Екібастұзда әлеуметтік осал отбасыларға тегін терезе блокаторлары орнатылды
Мұндай көмекке кеншілер шаһарындағы 400 жанұя ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Балалардың қайғылы оқиғаның құрбаны болуының алдын алу мақсатында әкімшілік , прокуратура, білім басқармасы және "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы арасында жасалған меморандум аясында кішкентай бала тәрбиелеп отырған 400 әлеуметтік осал отбасылардың терезелеріне тегін терезе блокаторлары орнатылды. Бұл 700-ден аса балаларды биіктен құлаудан қорғайтын блокаторлар демеушілер есебінен алынды.
- Менің төрт балам бар. Ең кішісі құндақта. Біз үшін осындай қауіпсіздік жүйесін орнату - үлкен және бағалы көмек. Қол ұшын созған барлық жанға алғысымыз шексіз, - дейді көпбалалы ана Валентина Жеребцова.
Білім беру бөлімінің мәлімдеуінше, терезеге арналған блокаторлар орнату акциясы аясында Екібастұз қаласында биік үйлерде тұратын әлеуметтік осал отбасыларда балалардың биіктіктен құламауын қамтамасыз ететін жүйеге қажеттілік енді болмайды. Сонымен қатар ата-аналармен үйде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар әлі же жүргізілуде.
- Барлық білім беру ұйымдарында қауіпсіздік аудиті жүргізілді. Күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептерде терезе блокаторлары келісім бойынша орнатылып жатыр. Басқаларында қосымша орнатылған, - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, осы жазда Екібастұзда екі бала терезеден құлады. Екі жағдайда да балалар қараусыз қалған.