Ақтоғайлық эпидемиологтар су басқан аумақтарда сәйкессіздіктерді анықтамады
Облыста зертханалық зерттеулер жүргізу үшін ауызсумен жабдықтау объектілерінен су сынамаларын алу жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, аймақта су тасқыны кезеңінде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың асқынуын болдырмауға бағытталған, ауызсудың сапасын зертханалық бақылауды қамтитын ұйымдастырушылық-тәжірибелік шаралар кешені жүргізілуде.
– Ақтоғай аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы су тасқыны кезеңінің басынан бері ауызсумен жабдықтау объектілерінен микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштері бойынша 42 су сынамасын зертханалық тексеруден өткізді. Су басқан аумақтарда сәйкессіздіктер анықталған жоқ, – дейді департаментте.
Ақтоғай ауданының елдімекендеріне шығу барысында тұрғындар арасында құдықтарды жуу және дезинфекциялау, зертханалық зерттеулерден кейін ғана ауызсуды пайдалану, сондай-ақ аумақты тазалау, су басқан ауладағы дәретханаларды тазалау және дезинфекциялау, жеке гигиена ережелерін сақтау қажеттілігі жөнінде әңгімелер жүргізілуде.
Еске сала кетейік, эпидемиологтар су тасқыны кезінде қайнатылған су ішуге кеңес берген.