Павлодарда әйел екі баласымен бірге терезеден құлап кетті

Қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 2025 жылғы 30 шілде күні сағат 13:00 шамасында Нұрмағамбетов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйде болған. Алдын ала деректерге сәйкес, 1991 жылы туған әйел 4 және 5-қабат арасындағы баспалдақ алаңындағы терезеден екі баласын итеріп жіберіп, кейін өзі секірген.
Зардап шеккендердің бәрі кіреберіс төбесіндегі (күнқағар) құрылысқа құлап, ауыр жарақат алды. Балалар жедел жәрдем көмегімен облыстық балалар ауруханасына және аналары №1 қалалық ауруханаға жеткізілді.
– 2024 жылы туған бала клиникалық өлім жағдайында жеткізілді. Дәрігерлер қабылдау бөлімінде дереу реанимациялық шаралар жүргізіп, баланы жансақтау бөліміне жатқызды. Қазіргі уақытта жағдайы өте ауыр: үшінші дәрежелі жарақаттық шок, кома-3 күйі, кең көлемді бас-ми жарақаты, бас сүйегінің бірнеше жерден сынуы, ми мен ішкі органдардың зақымдануы анықталған, – деді облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметінде.
2017 жылы туған екінші бала жабық бас-ми жарақатын, ми шайқалуын, жамбас сүйектерінің сынуын және ішкі ағзалардың зақымдануын алған. Оның да жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Балаларға барлық қажетті емдеу және диагностикалық шаралар жүргізілуде.
– Терезеден секірген 1991 жылғы әйел ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне жеткізілді. Ол есін біледі. Дәрігерлер оның жабық бас-ми жарақаты, қол-аяқ сүйектерінің көп жерден сынуы бар екенін анықтады. Қазіргі уақытта оған қарқынды терапия жүргізіліп жатыр, –деді №1 қалалық аурухананың баспасөз қызметінде.
Полиция аталған дерек бойынша «Кісі өлтіруге оқталу» және «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Алдын ала мәлімет бойынша, әйел адам мамандандырылған медициналық мекемеде психиатриялық есепте тұрған.
Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмысын жалғастыруда.