Аққулы ауданында бір миллиардтан астам теңгеге кірме жолдары жөнделеді
19 кірме жолдың тек 31 пайызына ғана асфальт төселген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Асайын Байханов жұмыс сапарымен Аққулы ауданына барып, ауылдардағы жолдар бойынша жүргізіліп жатқан жобалармен танысты. Аудан әкімі Руслан Мұқановтың сөзінше, жалпы ұзындығы 15 шақырым аудандық маңызы бар екі жол учаскесі жөндеуден өтті: Аққулы-Қазы-Майқарағай мен Қарақала-Қазы-Баймолды. Биыл Мерғалым, Қызылқоғам, Төсағаш, Шарбақты, Малыбай ауылдарының кірме жолдарының жөнделуіне облыстық бюджеттен 1 миллиардтан астам теңге бөлінді. Жолдардың жалпы ұзындығы 19,7 шақырымды құрайды.
– Бүгінгі таңда Мерғалым ауылында жұмыстар жүз пайызға аяқталды. «Асфальтобетон» ЖШС мердігерлік ұйымы Малыбай ауылындағы төрт шақырым кіреберіс жолдың жөнделуін маусым айының аяғына дейін бітіреді,– деді Руслан Мұқанов.
2022 жылы Төсағаш ауылында мердігерді анықтау үшін екі рет конкурстық рәсімдер өткен болатын. Содан кейін жоба бойынша қаражат жағынан түзетулер енгізіліп, сомасы өзгертілді. Бүгінде жеңіп шыққан «АЗА» ЖШС мердігер ұйымы жұмыстарды бастап, шілде айының аяғына дейін тәмамдайды. Аталмыш мердігер Шарбақты пен Төсағаш ауылының арасы 20 шақырым болғандықтан, Шарбақты ауылының кірме жолын жасауға кіріседі.
– Келесі жылы жеті ауылдың кірме жолы жөнделеді. Жобаларды әзірледік. 2026 жылға тек бір ауыл қалады. Жабағылы ауылында 200 адам тұрады. Ұзындығы 35 шақырым жолды қалпына келтіру керек. Қымбат жоба болайын деп тұр. Оны жолдар басқармасымен ақылдасып алу керек. Ауыл тұрғындары жол жөндеуді талап етпейді, алайда қыста жүруге қиындық туғызады, – деді аудан әкімі.
Оның сөзінше, 2025 жылы жеті ауылда кіреберіс жол жөнделсе, аудандағы асфальт төсеу көрсеткіші 95 пайызға жетеді.
– Жолдар бойынша біраз жұмыстар жасалып жатыр. Облыстық бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл енді көптен істелінбеген жолдар ғой. Жалпы бұл ауылдарда ешқашан да асфальт болған жоқ, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Сондай-ақ, келесі жылы асфальт жоқ аудандық маңызы бар Аққулы-Қазы-Майқарағай учаскесінің үш шақырымы жөнделеді.