Аққулы ауданында Мерғалым сынықшыға кесене салынуда

Аққулы ауданында Мерғалым сынықшыға кесене салынуда

Белгілі емші болған Мерғалым Мұхтариханұлының мазарына кесене және қасына қонақ үй салынып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кесене аудандағы емшінің атымен аталатын ауылдың жанында бой көтеруде. Көлемі – 6х8 м, биіктігі 4 м болмақ. Күмбезінің биіктігі 3 м жуықтайды. 

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанат Әлтаевтың айтуынша, кесене салу туралы аудандағы ақсақалдар бұрыннан айтып жүрген. Дегенмен, өткен жылы қоғам белсендісі Жұмабек Хамзин ұсыныс жасап, жобасын өзі жасап шыққан. 

Емшінің мазарында бұрын қоршау болған. Ішінде емшінің оң жағында бәйбішесі, сол жағында інісі жатыр. Үш кісіге жасалған. Кесененің құрылысы мамырда басталған. Жұмыстар аяқталуға жақын, – деді Қанат Әлтаев.

Кесененің қасына салынып жатқан қонақ үйдің де құрылысы да жақын күндерде аяқталады. Бұл сакралды орын болғандықтан, келетін адамдар көп. Сондықтан келушілерге жағдай жасап, жатар орын дайындалуда. 

Құрылыстар үш кәсіпкердің демеушілігімен жүргізілуде. Сондай-ақ маңындағы ауылдардың жігіттері келіп көмектесіп, ауылдың әйелдері құрылысшыларға күнделікті тамақ дайындап беруде. 

Ресми ашылуы алдағы Құрбан айт мерекесінде болады деп отырмыз. Айттың қай күні ашылатыны әлі белгісіз. Ашылуында дұға оқылады, – деді Қанат Әлтаев.

Қанат Әлтаевтың айтуынша, қонақ үйге қазандық салынып, құдық қазылған. Құдыққа Меккеден әкелінген зәм-зәм суы құйылған.