Аққулы ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты бұзушылықтар азайды
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Отырыста Аққулы ауданындағы әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясаты жүзеге асырылуы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, агрессорлармен жұмыс, отбасын қолдау орталықтарының ашылуы мен олардың жұмыстары бойынша маңызды мәселелер қаралды.
Сонымен қатар жиналыста «Қазақстан іскер әйелдері» қауымдастығы аудандық филиалының, «Аналар кеңесі» мен «Жеңгелер» клубының жұмысымен танысып, келесі жылға қойылған жоспарлары тыңдалды.
Бүгінгі күні Аққулы ауданы бойынша халықпен жүйелі жұмыс жасау нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты құқық бұзушылықтар көрсеткіші 14,3 % төмендегені байқалады.
Кездесу қорытындысы бойынша отбасылық құндылықтарды дамытуға арналған шаралар өткізу, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмауды бақылау, отбасын қолдау орталығының қызметін қадағалау, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға, мүгедектігі бар әйелдерге арналған қосымша мүмкіндіктерді әзірлеу бойынша тапсырмалар берілді.