Аққулы ауданында жол құрылысшысы тігін кәсібімен айналысуда
Мемлекеттік грант ұтып алған ауыл тұрғыны бүгінгі таңда өзінің кәсібін жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ария Қазбекованың негізгі мамандығы – жол құрылысшысы, 2019 жылы «Бастау» бағдарламасы аясында өз кәсібі бойынша бизнес жоспарын құрып, 505 мың теңге сомасында мемлекеттік грант ұтып алған.
– Мен тігін тіккенде уақыт тоқтап қалғандай болады. Кішкентай кезімнен бері тігін тігуді ұнатамын. Әжем де тігін тігумен айналысатын. Басында өз балаларыма, таныстарыма түрлі киімдер мен бұйымдар тігіп жүрдім. Кейін үлкен тапсырыстар алып, кәсібім жүре бастады, – дейді Ария Қазбекова.
Тігінші ұтып алған қаражатына тігін машинасын сатып алған. Бүгінгі таңда кез келген киімді тіге алады. Ал тіккен туындыларын Instagram желісіне шығарады.
- Грантты ұтып алғанға дейін менде ескі тігін машинасы болатын. Ұтып алған қаражатқа тігін машинасын, мата және тағы басқа керекті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Қазіргі уақытта тапсырыс берушінің сұраған кез келген киімін тігіп бере аламын. Киімдерді тігіп болғаннан соң оны әлеуметтік желіге саламын. Өзімнің 11 жастағы қызымды модель қылдырдым,- дейді тігінші.
Шебер алдағы уақытта кәсіпті кеңейту керек екенін айтты.
- Бұл кәсіпті кеңейту ойымда бар. Алайда оған дейін маған көмекші керек болады. Кұрал-жабдықтар да керек. Маталарды Алматыдан алдыртамын, болмаса Павлодардан аламын. Бірақ бүгінде тапсырыстар көп деп айта алмаймын. Тек өңіріміздің аумағындағы ғана тапсырыстарды қабылдаудамын,- дейді ол.
Тігінші бүгінгі таңда 3 баланың анасы. Ария Қазбекқызы Аққулы ауданында өзінің жеке сән қойылымын өткізгісі келеді.