Білім белестері: Павлодар облысы 2025 жылды қалай қорытындылады?
Жұмысшы мамандықтарына басымдық беріліп, колледждерде 40-тан астам жаңа мамандық ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қаржы орталығы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің білім беру жүйесі үшін 2025 жыл ауқымды өзгерістер мен тұрақты даму кезеңіне айналды.
– Аймақта инфрақұрылымды жаңғырту, жұмысшы мамандарды даярлау және цифрландыру бағытындағы мемлекеттік бастамалар сәтті жүзеге асырылып, 2025–2026 оқу жылының алғашқы жартыжылдығы айтарлықтай оң динамиканы көрсетті. Бүгінде өңірдегі әрбір баланың сапалы білім алуы мен кәсіби бағдар алуы үшін барлық жағдай жасалуда, – делінген хабарламада.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында нақты экономикалық қажеттіліктерге басымдық берілді.
– Облыс колледждерінде еңбек нарығында сұранысқа ие 48 жаңа мамандық ашылып, бизнес өкілдерімен бірлескен 210 білім беру бағдарламасы әзірленді. Сонымен қатар «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында 50 бейіндік сынып пен Павлодар қаласындағы мектептерде практикалық дағдыларды қалыптастыратын 12 «Еңбек HAB» орталығы жұмысын бастады, – деді қаржы орталығының мамандары.
Ведомствода атап өткендей, инфрақұрылымды дамыту бағытында биыл бес жаңа мектеп пайдалануға беріліп, оқушылардың орын тапшылығы мәселесі шешілді. Мектеп ішіндегі жайлылыққа да ерекше көңіл бөлінді.
– 31 мектеп асханасы жаңғыртылып, 18 кітапхана заманауи ресурстармен жабдықталды. Мұндай қадамдар білім алушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік берді. Павлодарлық оқушылардың зияткерлік әлеуеті де жоғары деңгейде қалып отыр. Жыл қорытындысы бойынша аймақ өрендері республикалық және халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда 332 медаль иеленді. Бұл жүйелі жұмыстың және оқыту әдістемесін үнемі жетілдіріп отырудың тікелей нәтижесі екені анық, – делінген хабарламада.
Тәрбие жұмысы мен құндылықтарды ұлықтау мәселесі де назардан тыс қалмады. «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында 36 000-нан астам іс-шара ұйымдастырылып, 486 білім беру ұйымы «Ұлттық style» жобасына белсенді қатысуда. Ал әлеуметтік қолдау бағытында «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы 49 299 оқушы тегін тамақпен қамтылды.
Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында Ертіс, Май, Ақтоғай, Шарбақты аудандарында және Павлодар мен Екібастұз қалаларында 7 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Бұл ерекше қажеттіліктері бар балалардың жалпы оқу процесінен қол үзбей, жеке көмек алуына жағдай жасайды.
Сонымен қатар, кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында өңірде 91 жаңа басшы тағайындалды. Олардың арасында «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервінен өткен мамандардың болуы басқару жүйесінің сапасын арттыра түспек. 2025 жылдың қорытындысы Павлодар облысының бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау мен білім сапасын арттырудағы берік негізін айқындап берді.