Балалар коляскасымен автобусқа кіруге тыйым салынды деген ақпарат – жалған
Балалар коляскасымен қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынғаны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Министрліктің мәліметінше, қолданыстағы қағидалар ата-аналардың балалар коляскасымен қоғамдық көлікте жүруіне тыйым салмайды.
Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, автобус салоны шамадан тыс толған жағдайда, ата-анаға арналған бос орын болған кезде балалар коляскасын жиналған күйінде алып жүруге болады. Бұл ретте коляска жолаушылардың еркін қозғалуына кедергі келтірмеуі тиіс.
Аталған талап жолаушылардың, оның ішінде балалар мен оларды алып жүретін ата-аналардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және автобустағы өту жолын бос ұстауға бағытталған.
Егер ата-анаға колясканы жинау қолайсыз болса, сапарын оны жайылған күйінде жалғастыра алады.
Министрлік бұл жағдайда жолаушыға айыппұл салу, автобустан түсіру немесе өзге де санкциялар қолдану көзделмегенін атап өтті.