Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа 2026 жылмен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа 2026 жылмен құттықтады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мемлекет басшысы өткен жылдың негізгі әлеуметтік-экономикалық нәтижелеріне тоқталып, ел дамуының алдағы басым бағыттарын айқындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz aqorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, 2025 жыл Қазақстан үшін табысты болды. Экономика өсіп, ішкі жалпы өнім алты пайыздан асты, алтын-валюта қоры 62 миллиард доллардан асты, ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылды.
– Қымбатты отандастар! Біз бірнеше минуттан кейін Жаңа жылды қарсы аламыз. Төл тарихымыздың тағы бір белесіне қадам басамыз.
Жұртымыз Жаңа жылды ерекше көңіл-күймен күтеді. Әр адам осы сәтте арман-тілегін айтады. Ескі жылдың ең әсерлі сәттерін еске алады. Болашаққа жоспар құрып, зор үміт артады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ауыл шаруашылығы, құрылыс, әлеуметтік саладағы жетістіктерді атап өтті. 2025 жылы 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, жүзден астам мектеп пен екі жүзге жуық денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді.

– Диқандарымыз екінші жыл қатарынан мол өнім алып, қамбаны астыққа толтырды.
Ауылды және ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріп жатырмыз, – деп атап өтті Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, білім, ғылым және мәдениет салаларын қолдау жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды.

– Мен биылғы Жолдауымда Цифрлық мемлекет болуымыз керектігін жарияладым. Сондықтан келесі жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылдадым, – деді ел басшысы.

Президент алдағы кезеңде энергетика, агроөнеркәсіп, су шаруашылығы, көлік-логистика және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басым бағыт болатынын жеткізді. Шағын және орта бизнеске қолдау жалғасады.
Мемлекет басшысы жастарға арнайы үндеу жасап, білім мен еңбектің маңызын атап өтті.

– Ұлы Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі әрдайым өзекті, – деді ол.

Құттықтау соңында Президент қазақстандықтарға денсаулық, амандық және табыс тіледі.