Екібастұзда жұбайының мазасын алған ер адам қамауға алынды
Отбасылық жанжал шығарған тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қыркүйек айының басында 54 жастағы Екібастұз тұрғыны азаматтық жұбайымен жанжалдасқан. Учаскелік инспектор әйел адамның қауіпсіздігі мақсатында отыз тәулік мерзімге қорғау нұсқамасын шығарған болатын. Алайда 30 қыркүйекте ер адам қайтадан жанжал шығарып, қорғаныс ұйғарымын бұзған.
– Қорғаныс нұсқамасын бұзған Екібастұз қаласының 54 жастағы тұрғыны тұрмыс саласындағы құқық бұзушылық үшін сот шешімімен 10 тәулікке қамауға алынды, – деді департаментте.
Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейгені белгілі. Ендігі жерде барлық өңірдегі полиция ұйымдары тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауыстырады. Яғни, жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға болады. Хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіштердің жазбалары жеткілікті екенін ескереді.
– Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген сәттен бастап Екібастұз полициясына отбасылық жанжалдар бойынша 500-ден астам өтініш түсті, 302-ден жәбірленушінің арызысыз әкімшілік істер қозғалды. Сот 54 құқық бұзушыны 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алды,– деді департаментте.
Соңғы шешімді сот қабылдайды. Сонымен қатар, осындай фактілерді қарау кезінде кінәлі адам сотта татуласу құқығынан айырылады.