Баспана бақыты: Павлодарлық БАҚ қызметкерінің жаңа өмірі басталды
Павлодар облысында алғаш рет өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі жеке баспанамен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан мемлекеттік қолдау шарасы аясында облыстық «Saryarqa samaly» газетінің дизайнер-беттеушісі Маржан Шекенова үш бөлмелі пәтердің иесі атанды.
Маржан Шекенова «Saryarqa samaly» газетінің редакциясында 2016 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол басылымның дизайнын әзірлеу, беттеу, фотосуреттерді өңдеу және газетті баспаға дайындау жұмыстарымен айналысады.
Журналист мемлекеттік қолдау шарасына ұсынылғанын күтпегенін айтады.
– Демалыста жүрген кезімде басшылық хабарласып, мені ұсынатынын айтты. Шынымды айтсам, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жеке баспана беру алғаш рет жүзеге асатынын білген жоқпын. Сондықтан аса мән бермедім. Кейін бұл жаңалықты естігенде қатты қуандым, – дейді Маржан Шекенова.
Оның айтуынша, бұған дейін отбасы жалдамалы екі бөлмелі пәтерде тұрған. Жаңа баспанаға көшкеннен кейін үш қызына жеке бөлме бұйырған.
– Қыздарым бұрын «Анашым, қашан өз бөлмеміз болады?» деп сұрайтын. Мен оларға «жақында болады» деп айтып жүретінмін. Қазір сол арманымыз орындалды. Бұл – қыздарымның несібесі деп ойлаймын, – дейді ол.
Маржан Шекенова жаңа пәтердің толық дайын күйінде берілгенін атап өтті. Үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жиһаздар орнатылған.
Журналист үшін бұл баспана – тек жаңа үй ғана емес, көп жылғы еңбектің бағалануы мен отбасы үшін үлкен қуаныш.
– Осындай мүмкіндік жасаған жандарға алғысым шексіз. Үш бөлмелі пәтерге ие болу – біздің отбасы үшін үлкен бақыт, – дейді ол.
Жаңа қоныстанушыны Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова құттықтап барған. Олар Маржан Шекенованы жаңа баспанасымен құттықтап, отбасына береке-бірлік, шаңырағына құт-береке тіледі.
Айта кетейік, пәтер кілттерін облыс әкімі Асайын Байханов бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесі қарсаңында өткен салтанатты шара барысында табыстаған болатын.