Павлодарда жаяу жүргіншілерге жол бермеген жүргізушілер жауапқа тартылды

Павлодарда жаяу жүргіншілерге жол бермеген жүргізушілер жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полиция тұрғындарды жол ережесін қатаң сақтап, абай болуға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Полиция қызметкерлері жүргізушілер жаяу жүргіншілер өткелінің алдында адамдарды өткізуге міндетті екенін еске салды. Ал жаяу жүргіншілер жолға шығарда алдымен солға, содан кейін оңға қарауы тиіс. Дегенмен іс жүзінде жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермей, ереже бұзатын жағдайлары жиі кездеседі. Бұл әрекеттер адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

– Мәселен, Павлодар қаласында Камзин көшесінде Toyota көлігінің жүргізушісі «зебрадан» өтіп бара жатқан адамға жол бермеген. Сондай-ақ Машһүр Жүсіп көшесінде Chery Tiggo автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргінші әйелге басымдық танытпады. Жаяу жүргіншілерге немесе өзге де жол қозғалысына қатысушыларға жол бермегені үшін аталған жүргізушілерге қатысты материалдар рәсімделді, – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Полиция департаменті тұрғындарды қырағылық танытып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жаяу жүргіншілер өткеліне кенеттен жүгіріп шықпауға шақырды.