Павлодарлық командалар Екінші лигада қос-қостан жеңіске жетті
«Ертіс» пен «Ақсу» бірдей есеппен қарсыластарын тізе бүктірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кеше «Ақсу» өз алаңында астаналық «SD Family Ж» командасын қабылдады. Бірінші айналымда Рахман Асуханов шәкірттері дәл осы қарсыластан опық жеген болатын. Осы жолы павлодарлықтар толықтай есе қайыра білді.
Матч қос команда үшін де аса ауыр болды. Ойыншылар әрбір доп үшін аянбай таласып, қақтығыстар жиі орын алып жатты. «Ақсу» кездесуді белсенді бастағанымен, павлодарлықтардың қарқыны бірте-бірте бәсеңдеді. Ал астаналықтар бұл олқылықты лезде пайдалана білді. «SD Family Ж» денелі шабуылшысы Тимур Қуантаев есеп ашып, сәлден соң екінші гол соға жаздады. Алайда елордалық форвард соққысы қақпадан сәл қиыс кетті.
Екінші таймда «Ақсу» шабуылға шықты. Бұл ретте Иса Асуханов пен Әлихан Ынтықбаевтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Екі ойыншы астаналық қорғанысты бұзып өтудің амалын іздеп тапты. Алғашында олар Рахат Ағыбайдың гол соғуына мүмкіндік жасаса, сәл кейінірек жоғарыда аталған екі ойыншы «SD Family Ж» қақпашысын сүріндіріп, пенальти белгіленуіне жағдай туғызды. Оны Иса Асуханов шебер орындап, «Ақсуды» алға шығарды.
Содан соң «SD Family Ж» алаң қожайындарының қақпасына лап қойды. Астаналықтардың қысымына төтеп берген Рахман Асуханов шәкірттері төреші қосқан минуттардан тағы бір гол соғып, жанкүйерлерді қуантты. Әлихан Ынтықбаевтың әдемі пасын жасыл майданға жаңа ғана шыққан Сәкен Айтмұхамбет голға айналдырды – 3:1.
Бір күн бұрын «Ертіс» Қостанайда «Тобыл Ж» командасын дәл осындай есеппен ұтты. Голдарды Алмас ӘбдуӘлиев, Бақтияр Төлеуов пен Руслан Есімов соқты.
Екінші лиганың Солтүстік-Шығыс конференциясындағы турнирлік жағдай сақталуда: 48 ұпаймен «Шахтер Ж» көш бастап келеді, «Ертіс» 47 ұпаймен екінші орында. «Ақсу» 29 ұпай жинап, бесінші орынға көтерілді. Бірінші лигаға тек бір ғана команда шыға алады.