Павлодар облысында қарсы жолаққа шыққан жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін
Оқиға Павлодар ауданында тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Набережное ауылының маңында «Nissan Note» автокөлігінің жүргізушісі жол белгісіне қарамастан, қарсы жолаққа шығып, алдындағы көлікті басып озған. Бұл қауіпті маневрі үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Мұндай өрескел құқық бұзушылық үшін жүргізушілер алты айға дейін көлік басқару құқығынан айырылады. Өкінішке қарай, мұндай қатаң жаза да кейбір жүргізушілерді тоқтатпай отыр, – деді патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев.
Полиция департаменті қарсы жолаққа шығу жол апатына себеп болатын ең қауіпті факторлардың бірі екенін еске салады. Жол қозғалысына қатысушылардан ережелерді қатаң сақтау және өзгелердің өміріне жауапкершілікпен қарау талап етіледі.