Баянауыл ауданындағы көмір кенішінде тепловоз машинисі қаза тапты

Жазатайым оқиға «Гамма Сарыкөл» көмір кенішінде орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, «Гамма Сарыкөл» ЖШС-нің тұйық жолына апаратын кірме теміржолда көмір тиелген жартылай вагон рельстен шығып кеткен.
– Қалпына келтіру жұмыстары кезінде кранның тросы үзіліп, одан ұшып кеткен ілмек 1958 жылы туған тепловоз машинисін соғып, оның оқиға орнында қаза болуына себеп болған, – деді департаментте.
Оқиға туралы кәсіпорын ауызша хабарлама берген. Қазіргі уақытта еңбек инспекциясы тарапынан арнайы тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында жазатайым оқиғаның нақты себептері мен жағдайлары анықталатын болады.