Павлодарда пара берген шенеунік қайта сотталды
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары және ЖШС директоры ақша жұмсау фактісі бойынша айыпталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Іс материалы бойынша, 2020 жылдың наурыз айында Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары ЖШС директорымен алдын ала келісім бойынша сеніп тапсырылған мүлікті, мемлекеттік бюджеттен алынған 8 млн теңгені жұмсаған болатын. ЖШС бұл ақшаға мүгедектігі бар адамдар үшін техникалық сипаттамаға сәйкес келмейтін ұялы телефондар сатып алып басқармаға жеткізген.
Павлодар қаласының № 2 қалалық сотында ҚР ҚК 189-бабының 3-бөлігінің 1,2-тармағы өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған мүлікті ірі мөлшерде ысырап ету фактісі бойынша шенеунік пен кәсіпкерге қатысты іс қаралды. Сондай-ақ, ЖШС директорына ҚК 218-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін айып тағылған болатын.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің, жәбірленуші тарап өкілінің айғақтарымен, құжаттамалық дәлелдемелермен және сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді.
Айыпталушылар өз кінәларын толықтай мойындаған жоқ.
–Жеңілдететін мән-жайлар мен ауырлататын жағдайдың жоқтығын ескере отырып, алдыңғы басқа қылмыстар үшін шығарылған үкіммен бірге сот шенеунікті 9 жылға бас бостандығынан айыруды, ал кәсіпкерді 7 жылдан бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады, – деп хабарлайды №2 қалалық соттың баспасөз қызметінде.
Үкім заңды күшіне енбеді.
Айта кету керек, 2021 жылы Павлодар қаласының №2 сотының шешімімен шенунік пен пара берген кәсіпкер жеті және бір жылға бас бостандығынан айырылды. Шенеунік бірнеше рет пара алғаны, қызметкерлерге сыйақы бергені, 304 ноутбук жеткізуге мемлекеттік қызмет көрсету шартын жасағаны үшін айыпталған болатын.
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті.