Екібастұзда гидравликалық сынақтар жүргізілетін мерзім белгіленді
Асайын Байханов ақауларды жедел жоя отырып, қала тұрғындарын ыстық сумен қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Асайын Байханов Екібастұзда жылу беру маусымының өтуі және алдағы маусымға дайындық бойынша жиналыс өткізді. Биылғы жылу беру маусымы басталғанға дейін қаланың жылу көзінде де, жылумен жабдықтау желілерінде де ауқымды жөндеу науқаны жүргізілді.
Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін негізгі жабдықтың жалпы тозуы 5,4%-ға төмендеді. Желілік су құбырларын ауыстыру, оның ішінде үш жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары желілердің тозуын 9%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта Екібастұз ЖЭО-да 4 қазандық агрегат және 10 желілік сорғы жұмыс істеп тұр, 6 қазандық агрегат резервте.
Кеншілер қаласындағы жылумен жабдықтау жүйелерін жаңарту жұмыстары биыл да жалғасатын болады. Тағы төрт жылу магистралін – ЖМ 1, ЖМ 3, ЖМ 7/1 реконструкциялау, сондай-ақ, 10,4 километр жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін Екібастұзда желілерге гидравликалық және температуралық сынақтар жүргізіледі. Сынақтардың басталуының болжамды күні – 15 сәуір.
Жиналыс қорытындысы бойынша Асайын Байханов жауапты мемлекеттік органдарға 10 сәуірге дейін Екібастұз қаласының 2024-2027 жылдарға арналған жылу желілері нысандарын реконструкциялау және құрылысы бойынша «Жол картасын» бекітуді, Екібастұз қаласының әкімдігіне «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-мен бірлесіп гидравликалық сынақтарды уақтылы жүргізуді, сондай-ақ, анықталған ақауларды жедел жоя отырып, қала тұрғындарын ыстық сумен қамтамасыз етуді тапсырды.