Павлодар облысында төрт ірі әлеуметтік нысанның жобалары талқыланды

Барлық нысандар жобалау сатысында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Асайын Байханов төрт ірі әлеуметтік инфрақұрылым нысанының жобаларын қарады. Олардың қатарында мұз сарайы, конгресс-холл, облыс орталығындағы әмбебап спорт аренасы және Екібастұз қаласындағы спорт сарайы бар.
Бас жобалаушы Астана қаласының «Қазақ энергетика және байланыс ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС болып табылады.
Павлодарда «Достық» шағын ауданы мен әуежайға баратын айналма жол арасындағы аумақта хоккей, шорт-трек және конькимен жүгіру спорты түрлерінен жаттығулар өтетін мұз сарайын салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда жоба дайын, 12 шілдеге дейін мемлекеттік сараптамаға тапсыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, «Достық» шағын ауданында 1500 орындық ауқымды көпфункционалды конгресс-холлдың құрылысы жоспарланған. Қазір жобаның толықтығын тексеру рәсімі жүргізілуде, одан кейін сараптамаға жіберілетін болады.
Сонымен қатар, Павлодарда 5000 орынға шақталған бассейні, көркем және спорттық гимнастика залдары, жеңіл атлетика манежі орналасатын әмбебап спорт аренасы бой көтереді. Қазіргі уақытта жобаны әзірлеу, оның ішінде инженерлік зерттеулер жүргізілуде.
Екібастұзда мұз аренасы бар спорт сарайын салу жоспарлануда. Жұмыстар жобалау сатысында, коммуникациялар бойынша техникалық шарттар алынды.
Жиналыста жобалаушылар мен жауапты тұлғалардың баяндамалары тыңдалып, жер учаскелерінің дайындығына, сараптамадан өту мерзімдеріне және құжаттаманың толықтығына ерекше назар аударылды.
Облыс әкімі барлық нысандарды жобалау және салу кезінде мерзімдерді сақтауды талап етті.
– Бұл жобалардың жүзеге асуы өңір тұрғындары үшін өте маңызды. Біз әрбір кезеңді нақты бақылауымыз керек. Нысандардың ауқымы мен маңыздылығын ескере отырып, барлық қатысушы тараптардың іс-қимылын толық үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл жобалардың әрқайсысы өңір тұрғындары үшін қолайлы және заманауи үлгіде болуы қажет, – деді облыс басшысы.
Асайын Байханов әлеуметтік жобаларды іске асыру жауапкершілігі барлық қатысушыларға жүктелетінін және мерзімдердің бұзылуына жол берілмейтінін атап өтті.