Павлодар облысында дауылдан зақымданған электр желілері қалпына келтірілді
Энергетиктер апат салдарын жоюға сегіз бригаданы жұмылдырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
21 шілдеде өңірде болған қатты дауыл салдарынан 0,4–10 кВ электр желілерінің 20 тірегі зақымданып, 93 жерде сым үзілді.
«Павлодар ЭТК» АҚ мәліметінше, энергетиктер апат салдарын жою жұмыстарына бірден кіріскен. Электр қуаты ажыратылғаннан кейін алғашқы сағаттарда Вознесенка мен Надаровка ауылдарының электрмен жабдықтауы толық қалпына келтірілді. Ал Қоңырөзек ауылына жарық бір тәулік ішінде қайта берілді.
Апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына сегіз бригада, 32 маман және 11 арнайы техника тартылды. Успен аудандық электр желілеріне Шарбақты, Қашыр және Павлодар аудандық электр желілерінің күшейтілген бригадалары көмек көрсетті.
Сонымен қатар қолайсыз ауа райынан Успен ауданын ауыз сумен қамтамасыз ететін «УспенАйСу» МҚК-ның төрт электр тірегі мен желілері зақымданған. «Павлодар ЭТК» мамандары ведомстволық желілерді қалпына келтіруге қатысып, тұрғындарға су беруді қысқа мерзімде қайта іске қосуға көмектесті.
Компанияның мәліметінше, барлық жұмыстар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, тәулік бойы жүргізілді. «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ басшылығы апат салдарын қысқа мерзімде жойып, елді мекендерді электрмен қамтамасыз етуді қалпына келтірген энергетиктерге алғыс білдірді.