Баянауыл ауданының ауылында басты мәселелердің бірі шешілді

Жобаны «ЖАНЭМ» ЖШС мердігер компаниясы жүзеге асырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қарашоқы ауылында басты мәселелердің бірі болған көше жарығы енді шешімін тапты. Ұзындығы 2543 метр болатын сыртқы жарықтандыру желісі жүргізіліп, ауыл көшелеріне 86 шам орнатылды. Келісім-шарттың жалпы сомасы 45 миллион теңгені құрады.
– Жаңа шамдардың арқасында тұрғындар үшін кешкі уақытта жүру әлдеқайда қауіпсіз әрі ыңғайлы болды. Әсіресе, оқушылардың мектепке қатынауы мен тұрғындардың кешкі уақытта емін-еркін қозғалысы үшін маңызды жағдай жасалды, – деді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Әлия Таукенова.
Жаз айларында басталған ауылішілік жолдарды орташа жөндеу жұмыстары да аяқталды. Мәшһүр Жүсіп ауылында – 500 метр Марғұлан көшесі бойымен, Қарашоқы ауылында 2070 метр жолға жаңа асфальт төселді. Жөндеу жұмыстарын «НУРАЛ» ЖШС атқарып, келісім-шарт құны 102 миллион теңгені құрады.
– Айта кетерлігі, жол жөндеу кезінде оқушылардың мектепке қатынауына ерекше көңіл бөлінді. Мектепке апаратын көше толық асфальтталып, мектеп маңында 400 шаршы метрге автотұрақ пен жаңа аялдама салынды. Бұл ата-аналар мен балалар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырды, – деді Әлия Таукенова.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл – Қарашоқы үшін үлкен жетістік. Бұрын қараңғыда жүру қауіпті болса, енді көшелер жарық болып, балалар да, ересектер де еркін жүретін болды.
Жаңа жолдар мен жарық шамдары ауылдың әлеуметтік келбетін жақсартып қана қоймай, болашағына сенімді қадам болып отыр. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, өмір сапасын арттыруға бағытталған.