Павлодар облысының тұрғындары үлкен сахнаға жолдама үшін бақ сынады
Өңірде елімізге танымал «SuperStar KZ» музыкалық жобасының кастингі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқауға өңір тұрғындарымен қатар Көкшетау, Шымкент, Астана, Тараз, Ақтау қалаларынан келген үміткерлер де қатысты. Қазылар алқасының құрамында танымал продюсер және режссёр Алтынбек Рахметов болды. Бағдарлама тізгінін әнші Балжан Бидаш пен тележүргізуші Ғалымжан Кеңшілік ұстады.
– Биыл қайта жанданып отырған жоба еліміздің барлық өңірін қамтып, аймақтардағы таланттарды анықтауды мақсат етіп отыр. Әділ қазылар алқасы үміткерлердің дауыс ерекшелігіне баса назар аударып, өзгеше тембр иелерін таңдауға басымдық берді, – деді өңірлік кастинг ұйымдастырушысы Дильназ Қуанышбекқызы.

Жалпы жобаға 140-қа жуық қатысушыдан өтініш келіп түскен. Кастингке нақты жүзден астам облыс тұрғындары мен қонақтары қатысты. Ең жас қатысушы – Екібастұз қаласынан келген 15 жастағы Нұрсая Еслямбек. Ол іріктеуге әжесімен бірге келді.
Қатысушылар арасында ер азаматтар да, қыздар да болды. Тыңдалым барысында «Нуримакал» әні ең жиі орындалған әндердің бірі болды.

Айта кетейік, «SuperStar KZ» жобасы алғаш рет осыдан 23 жыл бұрын өткен. Биыл танымал жоба қайта жанданып, еліміздің барлық қалаларында ұйымдастырылуда. Қорытынды нәтижелер 10-15 мамыр аралығында белгілі болады, ал іріктеуден өткен қатысушыларға жеке хабарлама жолданады.