Баянауыл келіні үздік атанды

Баянауыл келіні үздік атанды

«Айтолқын» жобасы аясында «Дана келін, дара келін» атты онлайн байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шараның мақсаты – ене мен келіннің сыйластығын, қазақтың салт-дәстүрін, өнерін, қолөнерін, ұлттық тағамдарын насихаттау, қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу.

Қатысушылар бейнеролик дайындап, С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасының парақшасына жүктеді. Байқау қорытындысы бойынша Баянауыл ауданы Мәшһүр Жүсіп ауылының тұрғыны Мөлдір Әсетқызы ең көп лайк, қаралым, комментарий жинады.

Ұстаздықпен бірге мәдениет саласына зор үлес қосып жүрген Мөлдір Әсетқызы – республикалық, облыстық сайыстарға қатысушы. Жаңажол ауылы М.Ж.Көпеев атындағы ЖОББ мектебінің музыка пәнінің ұстазы. «Жақсы келін – ырысың» облыстық келіндер сайысының, «Болашаққа бағдар: Рухани жанғыру» бағдарламасы аясында қазақтың ұмыт болған ұлттық тағамдарын жанғырту мақсатында өткізілген «Қазақтың ұмыт болған ұлттық тағамы» атты байқауының I орын иегері.

Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» атты жас келіндер арасында өткен байқаудың II орын иегері.

Сондай-ақ байқауға қатысушылар Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылынан Гүлдара Өтемісова, Екібастұз қаласының Өлеңті ауылынан Жанар Қиясова, Павлодар қаласының тұрғыны Сәния Баткошева арнайы дипломдармен, Алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.