Баянауылдағы өрт: ҚР ТЖ министрі жағдайды баяндады
Павлодар облысының аумағындағы дала өрті толықтай оқшауланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Үкімет отырысында ҚР ТЖ министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов сөз сөйлеп, жедел жағдай және табиғи өртті жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Өртке жұмылдырылатын күштер мен құралдарды үйлестіру мақсатында министрліктің жедел штабы іске қосылды, сондай-ақ Павлодар облысының Желтау ауылында далалық жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде. Өртті жою жұмыстары вице-министрдің бақылауында.
Министрліктің күштері мен құралдары дереу бағыттап, қосымша Абай, Ақмола және Астана қалаларынан құралымдарының күштері оқиға орнына жұмылдырылды. Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның әуе кемелері тартылды.
– Бүгін де Қарағанды облысы бойынша осындай нәтижеге қол жетеміз деген ойдамыз. Барлық қажетті іс-шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар бүгін түнде РФ жағынан Қостанай облысының Жетіқара ауданына 500 га дала өрті болып, дер кезінде сөндірілді, – деді Шыңғыс Әрінов.
Еске сала кетейік, 6 қазанда Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданының аумағынан Павлодар облысы Баянауыл ұлттық паркінің шекара маңындағы аумағына көшкен шөп өртенді.