Павлодарлық психолог Ереванда шеберлік сағатын өткізді

Павлодарлық психолог Ереванда шеберлік сағатын өткізді
Фото: Қалалық білім беру бөлімі

Аталмыш іс-шараға Ресей, Беларусь, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан өкілдері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің VІІІ съезі аясында 2024 жылғы 2-4 қазанда Ереван қаласында педагогикалық шеберліктің ІІІ халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. Қатысушылар сырттай және күндізгі кезеңдерде «Мұғалім», «Тәрбиеші», «Психолог-әлеуметтік педагог» атты үш номинация бойынша бақ сынады. 

Шеберлік сағаттар өткізу бойынша финалдық күндізгі кезеңге сырттай өткен кезеңнің тапсырмалары үшін ең көп балл алған 36 қатысушы, оның ішінде «Психолог-әлеуметтік педагог» номинациясы бойынша 12 қатысушы жіберілді. Олардың қатарында Павлодар қаласының № 25 ЖОМ педагог-психологі, «Үздік психолог – 2024» республикалық байқауының жеңімпазы Жанар Ордабаева болды. 

Павлодарлық маман халықаралық фестивальде «Қарым-қатынас психологиясы» тақырыбында шеберлік сағатын ұсынды.   

– Фестиваль қорытындысы бойынша қатысушы дипломымен марапатталды. Ол мектепте 13 жыл жұмыс істейді.  Жанар Ордабаева – «Педагогикалық идеялар фестивалі», 2024 жылғы  республикалық «Педагогикалық шеберлік» облыстық байқауының және «Үздік әдістемелік-дидактикалық материал» байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы, – дейді білім беру бөлімінде. 

Айта кетейік, ұстаз-психолог – 5-6-сынып оқушыларына арналған «Танымдық процестерді дамыту», 1-сынып оқушыларына арналған «Қарым-қатынас әлемі», 5-сынып оқушыларына арналған «Қарым-қатынас психологиясы», 7-8 -сынып оқушыларына арналған «Үйлесімділік» бағдарламаларының авторы.