Баянауылда қарақұрттардың жиырмадан астам жұмыртқасы жойылды
Жұмыстар демалушылар мен ұлттық парк қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері Торайғыр көлінің аумағында қарақұрттарды анықтау және жою бойынша профилактикалық іс-шара өткізді.
Шараға ғылым және мониторинг бөлімі мен Жасыбай бөлімшесінің мемлекеттік инспекторлары қатысты. Мамандар көлдің тасты жағалауындағы аумақты тексерген.
– Жүргізілген жұмыстар барысында 24 дана қарақұрттың жұмыртқасы арнайы ыдысқа жиналып, жойылды. Аналық қарақұрттар анықталған жоқ, – деді ұлттық парк өкілдері.
Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар жазғы туристік маусым кезінде демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде жүргізіледі.