Баянауылда 600 келі қоқыс жинаған оқушылар велосипед алды
Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты 2019 жылдан бері «Эко-старт», «Эко-саяхат» акцияларын ұйымдастырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлден Хабибуллинаның айтуынша, биыл көктемде жыл бойы 2000 келі қоқыс жинаған 4-сынып оқушыларының Түркістанға саяхатқа баруы үшін жолақысы төленген. Биыл жазда 600 келі қатты тұрмыстық қалдық жинаған үш оқушы велосипед ұтып алған. Олар – Үмітжан Манапова, Ботакөз Рамазанова, Аружан Серік.
– Баянауыл ауданы – туристік аумақ болғандықтан, жазғы уақытта көп туристер келеді. Табиғи және тарихи ескерткіштерді тамашалайды, таза бұлақтарда, көлдерде шомылып демалады, алайда осының кері салдарының бірі – қатты тұрмыстық қалдықтардың қалуы. «Eco-life» мектебі Баянауыл ауылының үлкен экологиялық мәселенің бірі қоқыс мәселесін шешуге көмектесіп келеді. 2019 жылдан бастап «Ecо life» мектебі пластик пен қағазды жинап, мектепте тығыздайды. Әрі қарай Қарағанды қоқыс өңдеу зауытына жеткізуге кәсіпкерлер көмектеседі. Сол ақшаға балаларға сыйлық алынады. Акция басталғалы бес жылдың ішінде 30 оқушы велосипед алған, – дейді Гүлден Хабибуллина.
Оның айтуынша, Баянауыл ауылында қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптайтын орындар жоқ, тек қана макулатура қабылдайтын бір орын, металлаломды қабылдайтын екі орын және қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Ол жерде тек қана үйінді ретінде жатады. Яғни табиғатқа кері әсерін тигізіп, экологиялық мәселердің туындауына әкеледі: топырақты, суды, ауаны ластайды. Ластанудың кері әсерін азайту мақсатында қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптау қажет.
– Осы мәселені Баянауыл аудан орталығында орналасқан Шәкен Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернатының ұжымы қолға алып отыр. «Ecо life» мектебінің бағыттары: экостарт, экобум, экокласс, экобайланыс, экошеберлер, экологиялық білім, экофорум. Мұндағы басты мақсат – экологиялық тәрбие беру арқылы туған ел, туған жерге деген сүйіспеншілікті ояту, өлкеміздің экологиялық жағдайын жақсарту, – дейді Гүлден Хабибуллина.
Аталған жоба аясында мектепте «Экологиялық этика» факультативтер, «Эко шебер» үйірмелері, эковолонтерлер тобы жұмыс істейді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудан үздік оқушылар, үздік сыныптар мекемелермен экобайланыс орнатып, табыс табады. Сонымен қатар мұғалімдер арасында аудандық семинарлар, аудан мектеп оқушыларымен экологиялық форум ұйымдастырылады.
Айта кетерлігі, 2023-2024 оқу жылында Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған ұлттық конкурсында 1-орынды иеленіп, «Экологиялық білім берудің үздік ұйымы» атағына ие болған.