Баянауылда алкогольден бас тартқан ауылдың қауіпсіздігі нығая түсуде

Жаңатілек ауылында инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл Жаңатілек ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынып, елді мекеннің келбеті айтарлықтай өзгеруде.
Маусым айында 4,7 шақырым ауылішілік жол мен 7,9 шақырымда көше жарығының құрылысы толық аяқталды. Көше жарығын жүргізу жұмыстарын «ХЛЕБСТРОЙ» ЖШС жүзеге асырды. Жоба құны – 114 миллион теңге. Бұл инфрақұрылымдық қадам ең әуелі ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрмыстық жағдайының жақсаруына үлкен үлес қосты.
Жолдар мен жарықтандырудан бөлек, ауылда бұқаралық спортты дамытуға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда жер жұмыстары аяқталып, инженерлік желілер орнатылды. Қабырғасы мен төбе жабындысы салынып, ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта кешенде тұрғындарға арналған заманауи жаттығу залы ашылады деп жоспарлануда.
– Жаңатілек алкогольді ішімдіктен бас тартқан ауылдардың бірі. Сондықтан жаңа спорт кешені ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етіп, спортқа қызығушылығын арттырмақ, – деді аудан әкімдігі.
Жобалардың барлығы жергілікті қоғамдастықтың ұсынысымен, техникалық қадағалау мен құзырлы органдардың және аудан басшылығының бақылауымен жүзеге асырылуда.
Жаңатілек ауылының тұрғындары әлеуметтік бағдарламаның игілігін көріп, жаңа инфрақұрылымның арқасында өмір сапасы мен тұрмыс деңгейінің жақсарғанын атап өтуде. Үш бағыттағы құрылыс – жол, жарық және спорт кешені ауылдың болашақ дамуына серпін беретін маңызды жобалар саналады.