Павлодарда технологиялар орталығында қазақ тілінде үздік қызмет көрсетеді
Барлығы бес команда қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Колос» балалар мәдени ойын-сауық орталығында «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» атты облыстық байқауы өтті. Аталған іс-шара үш кезеңнен тұрды: таныстыру, жағдаятты оқиғадан шығу және орыс тіліндегі терминдерді аудару. Барлығы бес команда бақ сынады.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақасовтың айтуынша, жыл сайын қыркүйек айында Тілдер айлығы шеңберінде өткізілетін байқауға қатысушы командалар ауысып тұрады, алайда олардың ішінде тұрақты түрде бақ сынап келетін бір команда бар. Ол – халыққа қызмет көрсету орталығының «Халық» командасы. Ал, «Дом печати», «Трамвай басқармасы», «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының» Павлодар облысы бойынша филиалы басқармасының командалары бірінші рет қатысып отыр.
– Биыл қатысуға өтініш бергендердің саны көп болды. Мәселен, «Қазақтелеком» екі команда ұсынғысы келді, алайда олар өтінішті кеш берді. Трамвай басқармасында кондукторларға тілді оқытуға арнайы кабинет ашылғанына бірнеше жыл болып қалды. Мысалы, 50 мыңға жуық адам трамвайды қолданады екен. Сондықтан мұндай байқау кондукторлардың қызмет алушылармен қарым-қатынасы қандай деңгейде екенін анықтауға мүмкіндік береді, – дейді Саяуыш Сәдуақас.
Оның айтуынша, 10-30 қыркүйек аралығында өтетін Тілдер айлығы шеңберінде облыс бойынша 200-ден аса шара ұйымдастырылады. Форматы әртүрлі сегіз шара басқарма тарапынан өтеді. Оның ішінде ақындарға, шығармашылықпен айналысатын азаматтарға, өзге ұлт өкілдеріне, мемлекеттік тілді меңгерген барлық азаматтарға арналған және радиода өткізілетін «Сөз жорға» жобалары бар. Сондай-ақ кәсіпкерлік салада былтырғы жылдан бастап стартап пилоттық жобасы іске қосылып, «Дом оптики» мекемесінің азаматтары оқыған. Ал, биыл басқа мекемелердің қызметкерлері қатысуға ниет білдірген.
– Жалпы тілді үйрену үшін ұжымдарда тілдік орта болу керек. Жеке үйренгеннен үлкен деңгейге екінің бірі ғана жетеді. Орта болған жерде адам тілді тез үйренеді, уақытты ұтымды пайдаланады, – дейді Саяуыш Сәдуақас.
«Трамвай басқармасы» АҚ бақылау қызметінің бастығы Әйгерім Бектұрованың айтуынша, ұжым өте көңілді әрі белсенді болған соң команданы «Көңілді трамвай» деп атаған.
– Аялдамалар үнемі екі тілде хабарланады. Сондай-ақ бақылаушылар күнделікті жұмыста адамдармен тікелей қарым-қатынас жасайды. Сондықтан мемлекеттік тілді білуі өте маңызды. Біздің мекемеде қазақ тілінен сабақ беретін оқытушы бар. Жүргізушілер, бақылаушылар, жүргізушілер міндетті түрде қазақ тілін үйренеді. Сол сабақтың нәтижесінде қазақ тілінде еркін сөйлей алады, – дейді «Трамвай басқармасы» АҚ маркетинг бөлімінің маманы Айсана Жакеш.
Өңірімізде мемлекеттік тілді кеңінен насихаттап, қоғамның барлық саласында қолданылу аясын кеңейту және түрлі саладағы қызмет көрсету өкілдерін ынталандыру мақсатында өткен шараның нәтижесінде І орынға Павлодар облыстық ақпараттық технологиялар орталығының «АТО арулары» командасы жеңіп алды. ІІ орынға «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының» Павлодар облысы бойынша филиалы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарының «Жалын» командасы, ІІІ орынға «Дом печати» ЖШС-ның «Рухты ел» командасы лайықты деп танылды.
Сонымен қатар «Көңілді трамвай» және «Азаматтарға арналған үкімет МКЕ АҚ» Павлодар облысы бойынша филиалы басқармасының «Аққулар» командалары байқауға белсенді қатысқандары үшін қаржылай сертификаттарға ие болды.