Баянауылда аспалы арқан жолда тұрып қалғандар құтқарылды
Оқыс жағдай Қаражар ауылы маңындағы «Мырзашоқы» тау-шаңғы курортында орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, сағат 16:30-да аспалы арқан жолы тоқтап қалғаны туралы хабарлама түскен.
– Біз 10-15 минуттың ішінде сол жерде болдық. Оқиға орнына әкімдік, жедел жәрдем, барлық жауапты органнның өкілдері шықты. Келген бойда екі адамды түсіріп алдық, қалғандары өздігінен түсті. Барлығы – ересек адамдар. Олардың жағдайы бірқалыпты болды, бірақ біз оларды ауруханаға апардық. Сол жерде қарап шыққаннан кейін ауруханаға қалудан бас тартып, үйлеріне кетті.
Әкімнің сөзінше, бұл адамдар Екібастұз және Астанадан келген, арасында кішкентай балалар болмаған. Қазіргі таңда аспалы арқан жолы жұмыс істемейді, ақауларды жою жұмыстары жүргізілуде.
– Аспалы арқан жолының жұмысын тексеру мақсатында облысқа хат жолданды. Жоғарыда тұрып қалған адамдар 1,5-2 сағат күткенін айтты. Сол күні ауа райы -5-6 градус болды, – дейді аудан әкімі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 қаңтарда сағат 16:32-де Баянауыл ауданының төтенше жағдайлар бөліміне қарасты арқан жүретін дөңгелектің бұзылуына байланысты аспалы жол тоқтап қалған. Салдарынан алты адам жоғарыда қалғаны жөнінде хабарлама түскен.
Сағат 17:39-да шамамен 5 метр биіктіктен 4 адам және сағат 18:20-да 20 метр биіктіктен 2 адам құтқарылған. Оқиға орнына Павлодар облысы ТЖД 9 қызметкері мен үш техникасы жұмылдырылған.
Естеріңізге сала кетейік, аспалы арқан жолы 2019 жылы пайдалануға берілген.
Фото: Павлодар облыстық ТЖД