Баянауылда жас туристер сынға түсті

Баянауылда жас туристер сынға түсті
Фото: қалалық білім бөлімінен

Павлодарлықтар 40-қа жуық медальді жеңіп алды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Дүниежүзілік туризм күніне арналған туристік жаяу жүргіншілер көпсайысынан үшкүндік облыстық ашық чемпионаты Баянауылда Жасыбай көлінің көрікті жерінде өтті. 

Жарысқа Павлодар қаласы білім беру бөлімінің экология және туризм орталығының «СЮТур» балалар аула клубының «Искра» туристік клубының, Павлодар қаласының № 41 мектебінің «Эдельвейс», «Вертикаль» командасының, Екібастұз қаласының «ЗЮВС», «ЗЮВС-1», Абай облысы Семей қаласының «Орион» клубының 8-17 жас аралығындағы 80-нен астам жас турисі қатысты.

Іс-шараны ұйымдастырушы – облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы.

– Чемпионат екі қашықтық бойынша бес жас тобында өтті. 8-12 жас аралығындағы қатысушылар «Техникалық», «Командалық», 13-14 жас аралығындағы, 15-16 жас аралығындағы, 17 және одан жоғары жастағы қатысушылар «Жеке» және «Байламдар» қашықтықтары бойынша бақ сынасты, – деді қалалық білім бөлімінде. 

Турнир қорытындысы бойынша павлодарлықтар 24 алтын, екі күміс, 12 қола медаль жеңіп алды. Бірінші жалпы командалық орынды павлодарлық «Искра», «Эдельвейс», «Вертикаль» командалары «Техникалық» қашықтықта А, Б сыныптарында 2012 жылы туған және одан кіші қатысушылар иеленді.

2014 жылы туған және одан кіші қатысушы «Искра» командалары «Байламдар» қашықтығында екінші жалпы командалық орынды қанжығасына байлады. Үшінші жалпы командалық орынды 2008-2009 жылдары туған «Искра», «Эдельвейс», «Вертикаль» командалары «Командалық», «Техникалық» қашықтықтан алды.