Баянауылдықтар дауыс беруде белсенділік танытуда
Таңғы сағат жетіден бастап тұрғындар сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауда. Бірінші болып дауыс берген азаматтарға естелік сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Саяси науқанға баянауылдықтар да жіті дайындалған. Сағат тілі жетіні көрсеткенде аудандағы барлық сайлау учаскелері мемлекеттік Әнұранмен өз жұмысын бастады.
Дауыс беруге алғашқылардың бірі болып Қазақстанның туризм саласының үздігі, «Елім-ай» тұңғыш сыйлығының иегері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Алтынбек Құрманов келді.
– Бүгін, 29 қарашада мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Біз өз таңдауымызды жасадық. Барлығы жүйелі түрде ұйымдастырылған. Еліне, Отанына, халқына қызмет етемін деген азаматтарға қолдау білдіріп, елдің болашағын айқындауға өз үлесімізді қосайық, – деді Алтынбек Құрманов.
Сондай-ақ «Майқайыналтын» және «Майкөбе Вест» кәсіпорындарының қызметкерлері де сайлау учаскелеріне келіп, таңдау жасады. Осылайша, олар азаматтық белсенділік танытып, ел болашағына бейжай қарамайтындықтарын көрсетті.
Айта кетелік, Баянауыл ауданында электронды сайлаушылар тізіміне 14 578 азамат енгізілген.
