Бағасы жоқ: Павлодарда кәсіпкер жазаланды
Тұтынушының шағымымен келіспеген кәсіпкер сотқа апелляцияға берген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің үстеме бағасын көтерген дүкендерді тексеруде. Жыл басынан бері жоспардан тыс он бір тексеріс жүргізілді, оның нәтижесінде дүкен иелеріне кемшіліктерді жоюға тоғыз ұйғарым берілді. Ал бағасы болмаған тауарларды саудалағаны үшін бір кәсіпкерге 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.
– Кәсіпкерлік субъектісі тауарларды жыл бойы бағаны көрсетпей сатқан. Тұтынушының бірі дүкен әкімшілігіне бағаны белгілеу керектігі туралы бірнеше рет айтқан, алайда әкімшілік бұзушылықты жою бойынша шаралар қабылдамаған. Дүкен қызметкерлері тауардың бағасын білу үшін кассаға жақындап, бағасын біліп беруді ұсынған, – деді департаментте.
Дүкен иесі тұтынушының өтінішенен кейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда ол шешіммен келіспей шағым түсірді. Сот талқылауы барысында шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.
Сондай-ақ, департамент қызметкерлері Екібастұзда орналасқан сауда субъектілеріне қатысты жоспардан тыс алты тексеру жүргізді, оның ішінде бес дүкен ескерту алды. Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қоюға рұқсат етілген 15% саудалық үстеме бағаны көтерген. Шығарылған ұйғарымдардан кейін дүкендер тұз бағасын 100 тг/кг-нан 90-93 тг/кг-ға дейін, қарақұмық жармасы 450 тг/кг-нан 225 тг/кг-ға дейін, күнбағыс майы 680 тг/л-ден 630 тг/л-ге дейін, 900 тг/л-ден 700 тг/л дейін төмендетті.
– Егер тұтынушы саудалық үстеме бағадан асып түсетін тауарларды көрсе, департаментке өтінішпен жүгіне алады. Чекті, тауардың бағасын, сауда орнын видеоға түсіріп алуға кеңес береміз. Бұл болашақта бұзушылықтың растайтын дәлелі болуы мүмкін, – деді департаментте.
Өтінішті Е-өтініш, Е-тұтынушы @kzpp_bot телеграм арнасы арқылы немесе 55-10-70 сенім телефоны арқылы қалдыруға болады.