Май ауданында апатты жағдайдағы медпункттің орнына жаңа нысан салынады
Саты ауылының медициналық пункті 1958 жылы салынған үйде 2001 жылдан бері жұмыс істеп келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Медициналық пунктінің құрылысы жаңадан салынады, – деді Май ауданының әкімі Қадылжан Сәтиев баспасөз конференциясында. – Нысан 2024 жылы бесінші санаттағы апатты жағдайдағы құрылыс деп танылып, пайдалануға шектеу қойылған. Қазіргі таңда әкімшілік ғимаратының бір бөлмесінде орналасқан. Емделушілерді өз үйлеріне барып қабылдап жүр. Жобалық-сметалық құжаттары дайын, биылғы жылдың наурыз айында бюджеттік комиссияның қарауы бойынша нақтыланады.
Аудан әкімінің айтуынша, жалпы аудан бойынша 11 медициналық нысан бар. Оның ішінде біреуі – орталықтандырылған аурухана, біреуі – оңалту орталығы, бесеуі – медициналық пункт, екеуі – фельдшерлік акушерлік пункт, үшеуі – дәрігерлік амбулатория. Сегіз мыңнан астам адам ауданның медициналық нысандарында тіркелген.
–Бүгінігі танда ауданда медициналық ғимараттардың 91 пайызы жаңартылған, төрт су жаңа медициналық көлік берілген. 2024 жылдың желтоқсан айында Ақжар және Ақшиман ауылдарында фельдшерлік-амбулаториялық пункттердің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді, – деді Қадылжан Сәтиев.
Денсаулық сақтау басқармасымен бірлескен жұмыс нәтижесінде 2024 жылы ауданға жеті жас маман келіп, халыққа қызмет етуде. Жалпы хирургия бойынша – екі дәрігер, анестезиология және реаниматология – бір, терапия – бір, стоматология – бір, жалпы дәрігерлік практика – бір, неврология – бір.
Еске сала кетейік, орталық аурухана 2009 жылы салынған. Нысанды іске қосқаннан кейін жарты жылдан соң су басқан. Су ақпан айында пайда болып, қыркүйекке дейін тұрады. Күн сайын жиналған су сорылады. Кейде шамадан тыс көтерілген кезде септикке құюға тура келді. Аурухананың ішінде су жоқ, алайда топырақ ылғалды, жертөленің іші дымқыл болып тұрады. Нысанды қолданысқа енгізгеннен бері ағымды жөндеу ғана жүргізілген. 2024 жылы аудандық аурухананың шаруашылық блогына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл аурухананың жылу жүйесі күрделі жөндеуден өтеді.