Биыл Павлодар ауылында 11 шақырымнан астам жол жөнделді
Келесі жылы тағы 3 шақырымнан астам жолға асфальт төселеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Хасар Хабылбековтің ауыл тұрғындарымен кездесуі кезінде айтылды.
- Павлодар ауылында халықпен тұрақты кездесу өтті. Тұрғындарға биыл жүзеге асырылған негізгі жобалар туралы айтып бердім. Биыл аймақ басшысының қолдауымен ауылда тұрғындарға арналған жаңа мәдениет үйі пайдалануға беріліп, су құбырының құрылысы аяқталып, абаттандыру мен асфальттау жұмыстары жүргізілді, - деді қала әкімі.
Жаңа мәдени нысанның ашылуы 24 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Мәдениет үйінде 7 көркемөнер үйірмесі жұмыс істесе, ауылдық ардагерлер хоры мен ауылдық кітапханаға жеке орын бөлінді.
- Ең маңызды нысандардың бірі – жаңа су құбыры. Бүгінде оған халықтың 70 пайыздан астамы қосылған. Желтоқсан айының басында су желісін толықтай іске қосамыз, - деді ол.
Биыл ауылда 11,4 шақырым көше жолы жөнделді. Келесі жылы тағы 3,4 шақырым жолға асфальт төселеді. Соның арқасында жөнделген жолдар көрсеткіші 43 пайыздан асады.
Мемлекеттік органдарға есеп беру кездесуінде түскен азаматтардың барлық өтініштерінің орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.