Биыл Павлодар облысында қар аз болғанмен жер беті терең қатқан
Өңірде төтенше жағдай орын алса, әрекет ету үшін 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы ТЖД басшысының орынбасары Олег Трещев мәлім етті.
– Облысымызда су тасқыны кезеңіне дайындық өткен жылдың жазында басталды. Жұмыс жоспары мен облыстық штаб құрылды. Мұздың кептелуіне және бітелуіне жол бермеу үшін Шолақсор ауылының тұсында Сілеті өзенінде мұзды кесу арқылы әлсірету жұмыстары жүргізілді, – деді Олег Трещев.
Спикердің айтуынша, облыста Баянауыл және Ақтоғай аудандары мен Ақсу қаласының ауылдық аймақтары су басу қаупі бар аумаққа жатады. Өткен жылдардағы су тасқыны кезеңдерінің талдауына сүйене отырып, 43 елді мекен бақылауға алынды.
– Ауа райы құбылмалы болып тұр. Босаңсуға болмайды. Бізде қардың қалыңдығы 13 сантиметрді құрайды. Бұл – өткен жылғыдан екі есеге аз. Алайда, жер беті тереңірек қатқан. Кей жерде 200 сантиметр дейінгі тереңдікте қатқан. Орташа шамамен 1 мерт 50 сантиметр – 1 метр 60 сантиметрді құрайды. Жағдай бақылауға алынған, – деді Олег Трещев.
Бүгінде елді мекендерден шығарылған қардың көлемі 1 млн 130 мың текше метрді құрайды.
Сондай-ақ облыста ТЖ туындаған жағдайда 1 млрд 747 млн теңге мөлшерінде қаржы көзделген.
Олег Трещев өткен жылы су басқан Павлодар ауданындағы Рождественко ауылында жазда дайындық жұмыстары жасалғанын айтты.
– Синоптиктер наурыздың 13-іне дейін күн жылы болады деп тұр. Одан кейін минус температуралар болады. Бір жағынан бұл жақсы. Күрт жылыну болмайды. Су қалпымен кетеді. Ал, Рождественко ауылында жазда құбырлар салынды. Сондықтан биыл су баспау керек, – деді Олег Трещев.
Облыста 1472 су өткізу құбыры бар, олар 15 наурызға дейін ашылады.
Сонымен қатар, 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың республикалық жол картасы шеңберінде облыста 7 іс-шара көзделген. Сол бойынша Май ауданы Қаратерек ауылы ауданындағы Ертіс өзенінің арнасы тазартылып, жағалау нығайтылды.
Ал, 6 іс-шараны ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда. Оның ішінде: «Қалқаман - Баянауыл – Үміткер - Ульяновский» автожолының 101-ден 105 км-ге дейінгі 2 көпір салу, Ақтоғай ауданының шекарасындағы Сілеті өзенінің арнасын тазарту, түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары және Ақсу қаласында, Ақсу кентінде, Ленин кентінде, Кенжекөл ауылында қорғаныш үйінділерін нығайту.