Биыл Павлодар облысында жылқыларда сақау ауруы тіркелмеді
Сақау ауруына қарсы вакциналау нәтижесінде өңірде бұл ауру бойынша жағдай тұрақталған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, сақау – жылқының жіті жұқпалы ауруы. Аурудың жасырын кезеңі – 4-8 күн. Жұтқыншақ тандайдың кілегей қабығы қабынып, шықшыт асты лимфа түйіндері ісінеді. Жылқының дене қызуы 40-41°С-қа көтеріледі, алқымы іседі, танауынан ірің ағады, жемге, суға тәбеті шаппайды. 4-5 күнде ісік жарылып, ірің ағады. Сақау ауруы түрінде ісік тамақтың ішінде жарылса, аурудың қоздырғышы ірің арқылы бүкіл денеге ішкі органдарға тарайды
Ауру жылқыны жылы, құрғақ қорада ұстайды. Жараны тіліп, іріңін ағызады. Пенициллинмен емдейді. Сулфаниламид препараты азықпен, сумен қосып беріледі немесе қалың етке енгізіледі. Ауру жылқыға жақсы пішен, сәбіз, жазда жоңышқа, беде береді. Жұтынуға қиын болған жағдайда тамыр жемісті ұсақтап кебекпен араластырып, бөктіріп береді.
– Өңірде жылқылар арасында сақау аруына қарсы вакциналау қолданғаннан кейін бұл ауру бойынша жағдай тұрақтанды. Облыста жылқы ауруының жағдайлары тіркелген жоқ, – дейді басқармада.
Өңірде жылқылар арасында сақау ауруының алдын алу үшін облыс әкімдігінің қаулысы негізінде вакциналауға облыстық бюджет есебінен 2020 жылы 55,3 миллион теңге бөлініп, 103 500 доза вакцина сатып алынған. 2021 жылы 58,6 миллион теңге бөлініп, 110 850 доза вакцина алынған және 110 850 бас жылқы егілді.
2022 жылы 61,6 миллион теңге бөлініп, 114 923 доза вакцина сатып алынған және 114 923 бас жылқы егілді.
2023 жылдың ағымдағы кезеңінде 64,7 млн теңге бөлінді, 118 919 доза вакцина сатып алынып, 118 919 бас жылқы егілді.
Айта кетерлігі, жылқы бұл ауруға қысты, күзде және ерте көктемде шалдығады және жіті өтеді.